22.02.2023

Бұл туралы Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді.

2023 жылы Алматы қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті арқылы көрсетілетін стоматологиялық қызметтерге 3,9 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы бүгінгі брифингте Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев мәлім етті.

Тағы бір айта кетерлігі, қор 2023 жылдан бастап стоматологиялық клиникалармен тікелей келісімшарт бекіте бастады. 

«Бұрын стомқызмет көрсету туралы келісімшарт емханалар арқылы жасалатын. Яғни, стоматологиялық клиникалар емханалармен субмердігерлік келісімшарт арқылы жұмыс істейтін және халыққа көрсетілген стомқызмет санын емханалар қадағалайтын. Емхана жұмысының көптігінен бұл процесті бақылау қиындық тудырып келді. Салдарынан стоматологиялық клиникалар тарапынан көрсетілмеген қызметтерді «көрсетті» деп жазу фактілері де кездесті. Сондықтан Қор осындай олқылықтардың алдын алып, қызмет көлемі мен сапасын бақылау мақсатында келісімшартты тікелей жасау туралы шешім қабылдады», - деді Тілеухан Әбілдаев.

Айтуынша, стоматологиялық клиника көмегіне жүгіну үшін емханадан жолдама алудың қажеті жоқ. Алдымен Қормен жұмыс істейтін тіс клиникаларын нақтылап алу қажет. Олардың тізімімен МСҚ fms.kz ресми сайты арқылы танысуға болады. 2023 жылы Алматыда 70 медицина ұйымы стоматологиялық қызмет көрсетеді, олардың арасында емханалар мен жеке меншік клиникалар да бар.

Естеріңізге сала кетсек, шұғыл стоматологиялық көмек балалар, жүкті әйелдер, ҰОС ардагерлері мен зейнеткерлер, мүгедектер, балалық шақтан мүгедек және 1-топ мүгедегін күтушілер, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналарға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, жоспарлы стомкөмек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі.

 

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.